Ұстаз – ұлы есім
Ізденіс пен ізгілікті қос қанаты етіп, бізді білім көкжиегіне сүйреген ұстаздарымызға қандай қошемет көрсетіп, қай төрге шығарсақ та артық емес. Өйткені әрбір шәкіртіне тәлімі мен тәрбиесін беріп қана қоймай, өзінің әкелік, аналық жүрек жылуымен қатар, кіршіксіз тазалықтың, саналы да саралы ойлардың сәулесін құйып, жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа сүйіндіретін, жалпы айтқанда кішкене дәнекті көктетіп, көгертіп, арман асуларына жетелеп, үлкен өмірге қанат қақтыра білетін ол – ұстаз. Адам баласын толқыны көп асау өмірдің ағынына бейімдеп, оң-солын танытып шығаратын ұстаз екендігі, тал бесіктен кейінгі ұлағатың, анаң, қысқасы, екінші отбасың — ұстаз екені айнымас шындық.
Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес. Ол – адам бағдарын жасаушы. Осынау ұлылыққа толы ұлы есімді мақтанышпен көтеріп жүрген елімізде қаншама жан бар. Ұстаздық қызметті, ұстаздық жолды жылдар бойы, тіпті ғасырлар бойы жалғастырып келе жатқан отбасылар бар. Бұл – ұстаздық қызметке көрсеткен ұлы құрмет. Сондай жанұяның бірі – балабақшамыздың қазақ тілі пәнінің мұғалімі Самал Көзтәйқызы үйде аяулы жар, ұл-қыз тәрбиелеп отырған асыл ана, үлкеннің батасын алып, ризашылығына бөленіп отырған инабатты келін, сондай-ақ буыны қатпаған сәбилердің зердесін ашып жүрген ұлағатты ұстаз. Самал Көзтәйқызының өмірлік серігі Тоқтар Тайжанұлы, КСМ № 5 лийейінде көп жылдар бойы қызмет жасап келе жатқан ұстаз. Тоқтардың әкесі Ементаев Тайжан – кеңестік дәуірде ауылды жерде мұғалім болып, саналы ғұмырын бала оқытуға арнаған, Ыбырай Алтынсарин айтқандай «Мектепке жан кіргізген жүрегі» болған. Атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлы мамандықты бұл күнде Тоқтар мен Самалдың қыздары Гүлназ Тоқтарқызы жалғастырмақшы. Гүлназ да болашақ мұғалім. Міне, бұл – ұрпақтар сабақтастығы. Ылайым ұрпақтар сабақтастығы үзілмесін.